1906 жылы қазіргі Бейнеу ауданына қарасты Қарабұлақ-Ақшағыл мекенінде туған. Күйші-домбырашы, сазгер,Құрманғазы оркестрінің іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Сәмиғолла – әйгілі Байғұл ишанның немересі, Айдарбай ахунның баласы. Жастайынан өз өңіріне күйшілігімен атағы шыққан Балкен әжесінен домбыра үйренеді. Өткен ғасырдың 30-жылдары Алматыға қоныс аударып, Қазақ мемлекеттік филармониясы мен қазіргі Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі құрамында қызмет атқарды. Сонымен қатар, Қазақ ауыл шаруашылық институтындағы халық аспаптар оркестріне жетекшілік етті.
Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне (1949, 1958) қатысқан. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Оның орындауындағы 40-тан астам күй Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Олардың арасында қазақ, түрікпен, қарақалпақ күйлері, өзінің «50 жыл», «Өтті өмір», «Қоңыр» деген төл туындылары да бар.
Дереккөзі: 1.Маңғыстау (энциклопедия), Алматы,1997.
2.Сегіз арыс Адайым. Құрастырған – Ж.Жылқышыұлы. Алматы, 2015.
3. Қазақ радиосының «Күйші Сәмиғолла» хабары. Авторы – А.Иманбаева.
Сәмиғолла АНДАРБАЕВ